Жалпыұлттық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында Қостанай облысының Қарабалық және Федоров аудандарында өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Жиында Ата Заң жобасының негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, билік тармақтарының теңгерімділігі, сондай-ақ қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Татьяна Булгацевич пен Аружан Сарсенбаева Қарабалық кентіндегі М.Горький атындағы мектеп ұжымымен кездесті. Іс-шараға 150-ге жуық азамат қатысты. Оның барысында педагог мәртебесіне, білім беру жүйесінің сапасына және жастардың құқықтық мәдениетіне ерекше назар аударылды. Мектеп ұжымы Конституция жобасына қатысты сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Ал коалиция мүшелері сол сұрақтарға нақты жауап беріп, реформалардың халық үшін ашық әрі түсінікті болуын қамтамасыз етті.
Сондай-ақ Тоғызақ ауылындағы мәдениет үйінде 100-ге жуық ауыл тұрғынымен кездесу ұйымдастырылды. Талқылау барысында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың қоғамдық-саяси процеске қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері қозғалды.
Жиында Коалиция мүшесі Татьяна Булгацевич 15 наурызда өтетін референдум ел болашағын айқындайтын маңызды кезең екенін атап өтті. Оның сөзінше, Конституцияда елдің стратегиялық дамуын адамның әлеуетімен – білімін, мәдениетін, шығармашылығын және инновациялық қабілетін арттыру арқылы жүзеге асыру көзделген.
«Бұл модельде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты факторлар ретінде шикізат емес, білім беру, ғылым, мәдениет және технологиялар қарастырылады. Адами капиталға салынған инвестициялар – ұлттық байлық пен тұрақты болашақтың негізі ретінде елдің ұзақмерзімді дамуын айқындайды. Сондықтан бірлігімізді көрсетіп, алдағы референдумға белсене қатысуымыз қажет», – деді ол.
Коалицияның жұмыс сапары Федоров ауданындағы Абай атындағы мектепте жалғасты. Мұнда бюджет саласының қызметкерлерімен кездесу өтіп, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, еңбек құқықтарын қорғау және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар ауданның аға буын өкілдерімен арнайы жүздесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында ардагерлер ел дамуының сабақтастығын сақтау, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне назар аударды.
Жиындар қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысына сай әзірленгенін, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
