Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің конституциялық реформалар бойынша халықпен кездесу жиындары жалғасуда. Бүгін коалицияның Түркістан өңірлік белсенділері Жетісай ауданында «AIIG KAZAKHSTAN» ЖШС мақта өңдеу зауытының жұмысшыларымен кездесу өткізді.
Ауыл еңбеккерлерімен өткен диалог алаңында жаңа Конституцияның адал еңбекке кепіл болатын құқықтық нормалары талқыланды. Жер, су, жер қойнауы және өзге де табиғи ресурстардың халық игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ететін конституциялық талаптарға ерекше назар аударылды.
Коалиция мүшесі Асқар Қайназаров жаңа Конституцияға сәйкес, жер мен табиғи ресурстардың иесі халық деп атап көрсетті. Мемлекет бұл байлықтарды халық атынан тиімді басқарып, олардың ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз етеді.
«Түркістан өңірі – елімізде мақта өсіретін бірден-бір аймақ. Ақ алтынды аймақ тұрғындары жер мен судың, адал еңбектің қадірін біледі. Жаңа Конституцияда жерді тиімді пайдалану, су ресурстарын қорғау және адал еңбек етіп жүрген азаматтардың құқықтарына кепіл болу мәселелері айрықша қарастырылған. Бұл өзгерістер аграрлық аймақтардың тұрақты дамуына және ауыл халқының табысын арттыруға берік құқықтық негіз қалайды», – деді ол.
Кездесуде мақта өңдеу кәсіпорындары ауыл азаматтарының еңбегін нақты өнімге айналдырып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды өндіріс орындары екені айтылды. Коалиция мүшесі Әділхан Асауов жаңа Конституцияда еңбек құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталған нормалар осындай кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне құқықтық мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
«Мемлекет – адам үшін» қағидаты еңбек адамының әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мақта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, дайын өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге жол ашады», – деді Ә.Асауов.
Жиынға қатысушылар жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын ең басты саяси құжат екенін атап өтті. Көпшілікті алдағы референдумға белсенді қатысып, ел болашағы үшін өз таңдауын жасауға шақырды.