Ақтөбе қаласында «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында жастар пікірталасы өтті.
Іс-шараның мақсаты – жаңартылған Конституцияның негізгі ережелерін жан-жақты талқылау, ашық диалог мәдениетін дамыту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және 15 наурызда өтетін жаңа Конституция бойынша алдағы референдумды қолдауға бағытталған ортақ ұстаным қалыптастыру.
Жиынды ашқан «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Ораш бүгінгі жастар пікірталасы Конституциялық реформаның негізгі бағыттарын түсіну және жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауына мүмкіндік беретін алаң екенін атап өтті.
Жүздесуге қатысқан белсінде жастар Конституцияның жаңа жобасын толықтай қолдайтындықтарын жеткізді. Олар бұл реформаны елдің демократиялық бағытын айқындайтын және азаматтық қоғамды нығайтатын тарихи қадам ретінде бағалады. Жастар жаңа Конституция адам капиталына, білім мен инновацияға басымдық бере отырып, жас буын үшін жаңа әлеуметтік лифтілер мен құқықтық кепілдіктер беретінін айтты.
Сонымен қатар жиында Ақтөбе облысы жастар басқармасының бөлім басшысы Мади Кемешов, облыстық ЖРО, Жастар бастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дастан Құрманбай және белсенді жастар өз пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар бұл іс-шараны жаңа Конституция – өткенді саралап, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін стратегиялық таңдау деген ортақ байламмен аяқтады.