Қаз
Сұрақтар мен жауаптар
Елге жаңа Конституция не үшін қажет?

Қазақстанға соңғы жылдары қоғам мен мемлекет өмірінде болып жатқан өзгерістерді ескеру үшін жаңа Конституция қажет.

Оның басты мақсаты – адамды мемлекеттік саясаттың өзегіне қою, яғни оның құқықтары мен бостандықтарын басым құндылық ретінде айқындау. Бұл ретте ХХІ ғасырдағы жаңа цифрлық қоғамның шынайы болмысын ескере отырып, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, саяси институттардың теңгерімділігін қамтамасыз ету және олардың қоғам алдындағы есеп беруін арттыру маңызды.

Бұл тек құқықтық құжат туралы емес, мемлекет, қоғам және азамат арасындағы теңгерімді айқындайтын жаңа қоғамдық келісім жайында.

Экономиканың өзгеруі, әлеуметтік ұтқырлықтың артуы және қоғамдық үдерістердің күрделене түсуі жағдайында бұрынғы реттеу үлгісі қазіргі талаптар мен сенімге толық көлемде жауап бере алмады.

Жаңа Негізгі заңды қабылдау арқылы Қазақстанның ұзақмерзімді даму бағытын белгілейді, ол мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға және қоғам дамуы үшін әділетті жағдай жасайды.

Қазіргі Конституциямен салыстырғанда не өзгереді?

Қазақстанның жаңа Конституциясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған елеулі өзгерістер күтіліп отыр.

Негізгі өзгерістер:

– Азаматтардың құқықтарын күшейту: Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу құқығын бекіту және цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау. Конституция неке институтын ерікті және тең құқылы ер мен әйел одағы ретінде айқындай отырып, оны қорғауға алады.

Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамыту және қайырымдылық қызметті қолдаумен қатар, волонтерлік қызметті ынталандыру нормаларын бекіту ұсынылды.

Ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту Қазақстан Республикасының экономикалық дербестігі қағидатын нақтылауға мүмкіндік береді.

Алғаш рет адвокатура институты Конституция деңгейінде бекітіліп, оның негізгі мақсаты сот арқылы қорғалу құқығын және білікті заң көмегін жүзеге асыруға жәрдемдесу екені айқындалады.

Мемлекеттің зайырлылығы: Дін мен мемлекеттің нақты аражігін ажырату, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты.

Зияткерлік меншікті қорғау: Зияткерлік меншік құқығын қорғау алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалады.

Бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу: Парламент партиялық тізімдер бойынша 5 жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады.

– Қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша жалпыхалықтық диалогтың кең платформасы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады.

Жеке өмірді қорғау: Дербес деректерді және банк құпиясын қорғау кепілдіктері күшейтіледі.

Бұл өзгерістер қазіргі заманғы сын-қатерлер мен азаматтардың үміт-тілектерін ескеретін әділетті әрі дамыған Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған.

Егер бұрынғы модель биліктің қатаң орталықтандырылған вертикаліне негізделсе, жаңа нұсқа әртүрлі институттар нақты өкілеттіктер мен жауапкершіліктерге ие болатын неғұрлым таратылған жүйені қалыптастыруға бағытталған.

Бұл өкілді органдардың рөлін күшейтуді және саяси бәсекелестік кеңістігін кеңейтуді білдіреді.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріле ме?

Иә. Реформа «азамат – мемлекеттік саясаттың өзегінде» тұжырымдамасының айналасында құрылады. 

Жаңа Конституцияның Преамбуласында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды.

Бұл құқықтарды нақты бекітуде ғана емес, оларды қорғау тетіктерін кеңейтуде де көрінеді.



Азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізу мүмкіндігі күшейтіледі, жеке басына қол сұғылмаушылықтың қосымша кепілдіктері бекітіледі, ал сот төрелігі институттары дербестік кепілдігін алады.

Кінәсіздік презумпциясы, қосарланған жауапкершілікке жол бермеу және «Миранда ережесі» бекітіледі, тұрғын үйге қол сұғылмаушылық нормасы күшейтіледі.

Осылайша, азаматтық құқықтарды формалды танудан оларды нақты іске асыруға жағдай жасау кезеңіне көшу көзделеді. Бұл қазақстандықтардың құқықтық қорғалу деңгейін айтырлықтай арттырады.

Жаңа Конституция бизнес пен экономикаға қалай әсер етеді?

Кәсіпкерлік еркіндігі, жекеменшік құқығын қорғау және бәсекелестік үшін тең жағдайлар принциптері бекітіледі. Бұл инвестициялар мен экономиканы дамыту үшін болжамды құқықтық ортаны қалыптастырады.

Билікті бөлу жүйесі өзгере ме?

Жоба билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылап, парламенттік бақылауды күшейтуді қарастырады. Мақсат – мемлекеттік басқарудың ашық әрі жауапты жүйесін құру.

Сот тәуелсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Соттардың институционалдық тәуелсіздігіне қосымша кепілдіктер қарастырылған, тағайындау процедуралары ашық және сыртқы қысымнан қорғау механизмдері енгізілген.

Азаматтардың ел басқаруға араласу мүмкіндіктері кеңейтіле ме?

Иә. Жоба қоғамдық қатысу тетіктерін бекітеді, жария талқылаулардың маңызын арттырады және азаматтық бастамалардың кең формасын көздейді.

Табиғи ресурстарға меншік мәселелері қалай өзгереді?

Жоба табиғи ресурстардың ұлттық байлық ретінде мәртебесін нақтылайды және оларды қоғам мүддесіне тиімді пайдалану үшін мемлекеттің жауапкершілігін бекітеді.

Жаңа Конституция әлеуметтік кепілдіктерді қалай қорғайды?

Мемлекеттің негізгі әлеуметтік міндеттері сақталады және білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау саласындағы кепілдіктер нақты бекітіледі.

Референдум қашан өтеді?

Республикалық референдум 15 наурыз 2026 жылы өтеді.

Дауыс беру заңда белгіленген күні еліміздегі барлық сайлау учаскелерінде ұйымдастырылады.

Референдумға кімдер қатыса алады?

Дауыс беруге Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау құқығы бар азаматтары қатыса алады.

Референдумға қатысу міндетті ме?

Референдумға қатысу – әр азаматтың құқығы. Әркім өзі шешім қабылдайды.

Дауыс беру қалай өтеді?

Дауыс беру жасырын түрде жүргізіледі.

Сайлаушы өзіне берілген бюллетеньде қойылған мәселе бойынша таңдауын белгілеп, оны дауыс беру жәшігіне салады.

Референдумның сайлаудан айырмашылығы қандай?

Сайлауда азаматтар билік органдарына өкілдерін таңдайды.

Ал референдумда азаматтар нақты бір мемлекеттік мәселе бойынша тікелей өз шешімін қабылдайды.

Тіркелген жерден тыс аумақта дауыс беруге бола ма?

Иә, тұрақты тіркеуден тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес айқындалады. Сондықтан өз сайлау учаскеңізден алдын ала тәртібін нақтылап алған жөн.

Неліктен референдумға қатысу маңызды?

Референдум – азаматтардың еркін тікелей білдіруге мүмкіндік беретін маңызды тетік. Оның нәтижесі елдің алдағы даму бағытын айқындайды.